«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі өңірлік филиалы Астана учаскесінің жолаушылар вагонының жолсерігі Қайрат Рысбаев  Алматы – Астана бағытындағы «Бәйтерек» фирмалық пойызына қызмет көрсетеді.     Көкше өңіріне белгілі Рыспаевтар династиясынан шыққан кейіпкеріміз мамандық таңдаудан қателеспегені анық.  Алдымен қызметін вагон депосында слесарь болып бастап, вагон  бөлшектерінің құрастырылуымен танысып, одан кейін жолшылық қызметке ауысып, бұл шаруашылықтың да қыр-сырына қанық болды. –Күш-жігеріміз тасып тұрған жас кезімізде жол шаруашылығында шпалдармен жұмыс істеу мен  үшін қызық болатын, тоқсаныншы жылдардағы қосалқы бөлшек тапшылығы, тағы басқа қиындықтар кезінде жоқтан бар жасап, ескі материалдарды ауыстырып салып, тығырықтан шыққан жолшылардың еңбегі ерекше болды, – деп еске алады бүгін кейіпкеріміз.  1997 жылдан жолаушы тасымалы саласына ауысып,  жолсерік мамандығын меңгерген  Қайрат Таңатұлы теміржолдың бірнеше саласын да тер төксе де,  жанына жақыны бүгінгі кәсібі екенін жасырмайды. Жол бойы түрлі адамдармен кездесіп, әңгімелесу, олардың шын мәнінде жол серігі болудың бір ғанибет екенін айтады.   –Біраз жыл Киевке баратын пойызда жолсерік болдым. Украиндықтар ерекше ақкөңіл халық. Әрі бұл бағытта кедендік бекеттер көп, сондықтан түрлі  «экстримге» толы талай сапарды бастан өткіздік. Кейде адамдар пойызға жан-жағына күдікпен қарап мінеді. Сосын барынша олармен емен-жарқын амандасып, жағдайын жасап, сеніміне кірген соң жадырап сала береді,  түсетін кезде қимай қоштасып, тіпті кейбірі кері қайту уақытымыз қашан екенін сұрап, соған сай билет алғысы келетінін айтып жатады. Міне, осыдан артық қандай марапат керек бізге. Мен  осы пойызда жүріп әсіресе шетелдіктерге Қазақстан елінің азаматы ретінде танылатын болғандықтан, өз қызметіммен мемлекетімізді жақсы жағынан танытуға тырысатынмын, – дейді кейіпкеріміз. Міне, бүгін де  жолсерік Қайрат Таңатұлы Алматыдан Елорда вокзалына келіп тоқтаған   «Бәйтерек» пойызынан түсіп жолаушыларына сәт сапар тілеп шығарып салып тұр...

Райхан РАХМЕТОВА