"ҚТЖ" ҰК" АҚ жастарының VIII республикалық форумынан бас бәйгемен оралған түбектің жас теміржолшылары келе салысымен игі істерге ұйытқы болуға кірісті. Тәуелсіздік мерекесіне орай  олар облыстық қарттар мен мүгедектердің, интернат үйіндегі қариялардың және №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленуші сырқат балалардың көңілін сұрай барып, мерекелік кеш сыйлады.Онда жастар Рухани жаңғыру аясында Қазақ хандығының құрылу тарихын сахналап, көрініс қойды, ән айтып, домбыра тартты. Елі, жері, ұрпақтар болашағы үшін күресіп, тарихта қалған азаматтардың есімін қайта жаңғыртты. Мұны тамашалаған балалар өздеріне рухани азық алса,  қарттар көздеріне жас алып, батасын берді.     Әлеуметтік мекемелердің басшылары да ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.    –Қазір бізде барлығы жүзден астам бала тәрбиеленеді. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ата-аналары бар психоневрологиялық аурулармен ауыратын, мүмкіндігі шектеулі балалар болғандықтан әрқайсысына өзгеше күтім, қамқорлық, қарым-қатынас қажет. Ал бүгінгі концерт оларға да, бізге де ұнады. Балалар билеп, қамқорлықты сезініп, мәз-мейрам болды. Темір жол сияқты сондай бір жауапты жұмыста жүрсе де теміржолшыларда осындай да өнер иелері бар екеніне сүйсіндік. Олардың өнерге де уақыт тауып, онымен өзгелерді де қуантып жүргеніне ризамыз,-деді алғыстарын  білдірген әлеуметтік мекеме басшылары Күміс Қалиева мен Шаттыгүл Қаракүшікова. Теміржол жастарының аймақтық өкілі Қуатбек Көпбаевтың айтуынша, бұл дәстүр мұнымен бітпек емес. Жастар алдағы уақытта да жүрек жылулығына мұқтаж жандарға бір сәттік болса да қуаныш сыйлауды өз алдыларына мақсат еткен.

Шахизат Сарина,

Маңғыстау