Сұлугүл БАКЕСОВА
«Құрметті машина жасаушы» атанды
1 мин чтения
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның машина жасау саласындағы алғашқы қарлығашы – «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен мерекелік шарада Қазақстан машинажасау одағының төрағасы Сергей Никитенко теміржол машинажасау саласын ілгері дамытып, өнімін экспорттауда көш бастап отырған зауыт басшысы бұл мәртебелі атаққа әбден лайық екенін жеткізді. Жиында, сонымен қатар, «Ремлокомотив» АҚ басшылығы Астананың Индустриялдық паркі аймағында орналасқан Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз құрастыру зауыты, «Тұлпар-Тальго» ЖШС, GE Transportation сияқты машинажасау саласында жұмыс көрігін қыздырып жатқан бірқатар кәсіпорындардың еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапаттады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары Қазақстан аумағында 303 тепловоз, 64 электровоз, 552 Тұлпар-тальго жолаушылар вагоны, 7321 жүк вагоны, ал Ақтөбе рельсарқалық зауытында 199 мың рельс өнімі өндіріліпті. Локомтив құрастыру зауытында құрастырылған 23 локомотив шетелге экспортқа шығарылған. Ең бастысы, бұл ірі зауыттардың өндірісінің өрістеуі отандық шағын кәсіпорындардың қызметін ілгерілетіп, аталған зауыттарды керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге ықпал еткен. Яғни, 12 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына және 5 мыңнан аса атаулы темір жол өнімдерін өндіріп отыр.