Иса Беркімбай
Аға машиниске құрмет
2 мин чтения
24 желтоқсан күні Ағадыр локомотив пайдалану депосында жарты ғасыр еңбек еткен локомотивші Амантай Жұматаевқа өзі табан аудармай қызмет еткен депо қабырғасына мемориальдық тақта орнатылды.
Салтанатты шарада сөз алған Ағадыр кенті әкімінің орынбасары Қалижан Бекхожин: «Осыдан бір жыл бұрын дүниеден озған Құрметті теміржолшы, елу жылға жуық өмірін саланың дамуына арнаған жерлесіміз Жұматаев Амантайқа өзі ұзақ жыл қызмет еткен Ағадыр локомотив айналымы депосында мемориальдық тақта орнату туралы жергілікті билік пен депо басшылығының шешімін жүзеге асырып отырмыз»,- деп атап өтті.
Амантай Төлеуұлы Ағадыр кентінде дүниеге келген. 16 жасынан бастап, зейнетке шыққанша Ағадыр локомотив депосында машинистің көмекшісі, машинист болды. 2004 жылы саланың ең үздік марапаты «Құрметті теміржолшы» кеуде белгісімен марапатталған.
Салтанатты митингіде сөз алған әріптестері мен інілері Сағындық Қанатбаев, Қанат Әбенов, Шорман Ибраев, Нұрлан Сейітов, Несіпбек Мақашев Амантай Төлеуұлының азаматтық қыр-сырына, қызмет барысындағы қатал талпашылдығына, жастарға тәлімгер-ұстаз ретіндегі ағалық қамқорлығына тоқталды.
Ағадыр локомотив айналымы депосы кадр бөлімінің бастығы Амандық Исиковтің айтуынша, «Жұматаевтардың династиясы теміржолдың барлық саласында жемісті қызмет етуде. Қазіргі таңда қызмет етіп жатқандарын қосқанда барлығы 17 теміржолшы бар, Жұматаевтардың жалпы еңбек өтілі 364 жылды құрайды екен. Олардың дені еңбек жолдарын локомотив пайдалану депосында қызмет баспалдағын машинистің көмекшілігінен бастаған».
Республиканың түкпір-түкпірінен Амантай Төлеуұлының ескерткіш тақтасын ашу салтанатына қатысуға келгендер қатарында ардагердің үзеңгілес жос жаран, әріптестерінмен қатар шәкірттері қатары да мол болды.