Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Шырша тойы басталды
2 мин чтения
Он екі айда атқарылған істерді қорытындылайтын желтоқсан айы туғаннан бала біткен қуанады. Өйткені, әр бүлдіршін дәл осы айды жыл бойы күтеді. Бұл жылы да теміржолшылардың балаларына арналған Жаңа Жылдық шырша «Оңтүстік Цирктің» үлкен залында өтуде.
Балалар үшін айрықша мереке саналатын шараға «ЖТ» Шымкент филиалы мен Қызылсай, Сайрам, Текесу, Шымкент, Қорғасын станцияларының теміржолшыларының 10 жасқа дейінгі 3500 баласы қатысуда. «Еске салып отыратын уақытты, есік қағып тағы да бір жыл келді» деп өлеңдетіп келген Аяз атаны бүлдіршіндер ду қол шапалақтап қарсы алды. Қарша қызын қасына ерткен ақ сақалды аталарына өнерін көрсетпеген бала қалмады. Сонымен қатар, бұл кеште екі сағат бойы балаларға цирк акробаттары мен өнерпаздары түрлі қойылымдар көрсетіп, ойындар ойнатты. Балаларының бал-бұл жанған сәтін көрген ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып жатты.
Аяз атамен ортада би билеп, ән салған балғындар цирк өнерпаздарының өнерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Ал, Шымкент Магистральдық желі бөлімшесі бойынша 1754 бала Жаңа жыл шыршасына қатысуда. Кезең-кезеңімен өткізіліп жатқан шырша кештері көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Жаңа жыл мерекесінен жақсы жаңалық, мол бақыт күтетін жиылған қауым бір жасап қалды. Әсіресе, балалардың езулері құлақтарына жетті. Әр түрлі кейіпкерлермен бірге қызықты ойындар ойнап, таңқалысып тарқасты. Бұл жаңа жылдық мереке жалғасын таппақ. Алдағы уақытта арыстық теміржолшылардың 500-ге жуық балалары «Ақшатыр» тойханасында шырша тойын өткізбек.