Былтырғы Жаңа жыл күні ауысымға түскен Дариға Оразалықызының айтуынша, 31-желтоқсанда вокзал іші тыныш болады екен. Жолаушы пойыздары жартылай бос келеді. Алайда, теміржолшылар үшін  мерекеден бұрын жұмыс маңызды. Сондықтан Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алатын олар үшін бұл күннің басқа күннен айырмашылығы жоқ. Шымкент вокзалында пойыздар кестесін хабарлайтын диктор Дариға теміржолшылар отбасында туылған. Ата-анасы теміржол техникумына оқуға түсіреді. Бірақ, бұл салаға қызықпаған ол жас күнінде оқуды тастап кетіпті. Алайда, арада 30 жыл уақыт өткен соң, ата-анасының кәсібіне оралып, «ат айналып қазығын тапқан екен». – Мен үшін Жаңа жыл әдеттегідей жұмыс күн. Кестеге сай екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Рас, түнгі уақытта ауысымға түсіп, таң атқанша  кірпік қақпай, әр жарты сағат сайын пойыздардың келу, кету уақытын баяндап отыру оңай деуге келмес. Ұйқымен алысатын кездер де болады. Пойыздар кестесін хабарлап отырып, арасында анықтама телефонына жауап береміз. Кестені баяндап болғасын, бір уақыт диспетчерлерге арналған кітапты қарап шығамыз. Ұжымда 5 диктор қыз-келіншекпіз, бір-бірімізден көмегімізді аяған емеспіз.  Осы жұмысқа қабылданған күннен бастап пойыздар кестесін жазып алып жаттағанмын. Содан бері қателескен кезім болмапты, – дейді Дариға Оразалықызы.

Динар МЕЙІРМАН,  Шымкент