Маңғыстаулық теміржолшы жастар  бұған дейін уәде еткендеріндей Жаңа жыл мерекесінде бірнеше әлеуметтік қорғауға алынған мекемені аралап, қамкөңіл жандарға жаңажылдық көңіл күй сыйлады.    Маңғыстау темір жолы басшылығының қолдауымен  өткен шара алдымен Ақтау қаласының 14 шағын ауданындағы жетімдер үйіндегі балғындарды қуантудан басталды. Одан әрі қарттар мен мүгедектердің интернат үйінде, балалар ауылында, ана мен бала орталығында да болып, ән мен жырдан шашу шашып, сыйлық таратқан теміржолшы жастар қатарында  жергілікті өнерсүйер жастар  Әсем, Сәуле, Айдар, Еламан, Жазира, Жаңылсын, Жаннұр, Самат, Бауыржан, Наурызхан, Алтынай, Әсия, Жансая, Ізбасар, Ерлан, Еркін, Жетпіс, Орынбасар, Айдос, Зама, Диана да болып, кештің көңілді өтуіне қолдан келгенше үлестерін қосты. Біреулері қаржылай көмектессе, екіншісі музыкалық аспаптар жағынан қолдау көрсетіп,  басқалары ертегі кейіпкерлері болып киініп, қолынан келгенін аянбай, ән айтып, би билеп, барлығы бірлесе көңілді кездесудің көрігін қыздырды. Қарияларға мерекелік дастархан жайылып, өз жастық дәуірлерін еске салар сахналық қойылымдар көрсетілді.  

Шахизат Сарина, Маңғыстау