«Қазақстан»  телерадиокешенінің  Атырау облыстық филиалы жыл қортындысын сараптап, ең үздік деп танылған сала мамандары мен ақпараттық байланыс орнатқан мекемелері және тұрақты көрермендерін  таңдады. «Телеарна таңдауы-2017» арнаулы дипломдары мен статуэткамен марапатталған үздіктер қатарында   «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалының қызметкері,  «Атырау – Маңғышлақ» жолаушылар пойызының жолсерігі, пойыз  бастығы міндетін атқарушы Ақмарал  Өтепова да болды. Ол «Атырау» телеарнасы басшылығы атынан тәуекелді ерлігі үшін «Бейбіт күннің батыры» атты номинациясымен марапатталды. Ақтау қаласынан шыққан  жолаушылар пойызындағы жүкті әйелдің мерзімінен бұрын толғағы келгенде  тәуекелге барып, 7 айлық шаранаға жарық сыйлап, анасын да аман алып қалған Ақмарал Орынбасарқызының  есімі осынау ерлікке пара пар еңбегінің арқасында жалпақ жұртқа танылды. Салтанатты шарада аймақ халқына ана мен бала өмірін сақтаушы болып танылған Ақмарал Өтепова еңбегін бағалаған облыстық телеарна ұжымына алғысын айтты.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

АТЫРАУ