Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Желтоқсанда күрделі жөндеу
2 мин чтения
Шымкент магистральды желі бөлімшесі бойынша 1-31 желтоқсан аралығында Түлкібас – Шымкент, Шымкент –Арыс, Арыс – Түркістан, Түркістан – Сарыағаш ортасындағы 43 км бойындағы ағаш шпалдардың бәрі бетонға алмастырылды.
Шымкент пен Арыс жолшылары, байланысшылар мен энергетиктер 1 желтоқсан ҚР Президентінің күні, 16-18 желтоқсан Тәуелсіздік күндері, тіпті аптаның сенбі-жексенбісінде де демалмастан еңбек етіп, бір айдың ішінде жоспарлы жұмысты толық игерді. Шпал астындағы қиыршық тастары да жаңаланды.
–Бұл маңызды тапсырма жол дистанцияларының тәжірибелі жолшыларының арқасында қысқа мерзімде жүзеге асты. Ағаш шпалдарды темірбетонға ауыстыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл – ертеңгі күні жолдың жылдамдығын көтеруге мүмкіндік береді және сенімді, қауіпсіздікті сақтауға сеп болмақ. Жолды жаңа материалдардың көмегімен сауықтыруға бөлінген 2 млрд 100 миллион теңге толық игерілді. Тек жолшылар ғана емес, байланысшылар мен энергетиктер де «толаскез» кезінде жолшылармен бірге қимылдап, байланыс жүйелерінің жұмысын реттеп отырды,– деген Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің директоры Марат Оңалов осы бір айдың ішінде мамандардың демалыс күні де еңбек еткендігіне қосымша сыйақы беру мәселесін қарастырылып жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, әрине, жұмыстың бәрін жолшылар қолмен атқарған жоқ. Ағадыр механикаландырылған жол дистанциясынан арнайы мамандар келіп, ауыр техникалардың көмегімен жұмыс жүзеге асқан. Сонымен қатар, СМД машинасының да көмегі көп болған. Сонымен қатар, желтоқсанның 7-25 аралығында Шымкент жол дистанциясында «Жолды, бағыттамалы бұрмаларды және құрылыстарды» кезектен тыс комиссиялық тексеру айлығы жүріп, дистанциядағы жетекші-инженер Ақтолқын Жоланованың айтуынша, қорытындысы бойынша 612 кемшілік анықталған. Бүгінге дейін оның 52 пайызы түзелген. Тексеру кезінде бекітпелердің жарамсыздығы, станциялық жолдардағы шпалдар мен білеулердің тозуы, шпалдардың арасында қиыршық тастардың толыққанды толтырылмауы, жол табандарының ескіруі сынды кемшіліктер жиі кездескен көрінеді. Қаңтар айынан бастап, жыл соңына дейін ай сайын осындай кесте түзіліп, кезектен тыс комиссиялық тексеру жұмысы жүйелі түрде жүзеге аспақ.