Ерман Әбдиев, Жамбыл
Жүк тиеу көлемі еселенді
2 мин чтения
Ұзатылған жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі жергілікті ірі кәсіпорындармен етене жұмыс жүргізіп, жүк арту көлемін арттырды. Яғни, жүк тиеу мен арту көлемі ұлғайды деуге толық негіз бар.
Атап айтқанда, өткен жылы «ЖЦПК» ЖШС-і Мыңарал станциясынан 3 млн 322 мың 135 тонна цемент артып, ол өнім еліміздегі бір қатар станциялар мен көрші жатқан Қырғыз еліне жөнелтілді.
–Ал бұл көрсеткіш алдыңғы 2016 жылмен салыстырғанда 5,635 мың тоннаға артып, 100,4 пайызға өсті. Сондай-ақ, аймақтағы ең ірі кәсіпорынның бірі «ЕвроХимҚаратау» ЖШС Жаңатас станциясынан 2017 жылы 542,607 мың тонна фосфорит өнімін тиеп, Ресей мемлекетіне жөнелтті. 2016 жылмен салыстырғанда 179,932 мың тонна артық тиеліп, 150 пайызға жетті. Және өңірдегі ірі химия өнеркәсібі «Қазфосфат» ЖШС-і өткен жылы аймақтағы Жаңатас, Қаратау, Бугунь, Табақ бұлақ, Шайқорық станцияларынан тиелген өнімдерін еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Ресей, ТМД мемлекеттеріне экспорттады. Өткен жылғы тиелген өнім көлемі 2 млн 079 мың 876 тонна. Ал 2016 жылы 1 млн 570 мың 046 тонна өнім тиелген болатын. Сөйтіп, есепті мерзімде жүк тиеу көлемі 509, 830 мың тоннаға артып, жоспар 132 пайызға орындалды. Жамбыл жол бөлімшесі жергілікті ірі кәсіпорындармен жүк тиеу және арту бойынша тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Өйткені, жүк тиеу көлемі артқан сайын теміржолшылардың табысы да, жұмысы да еселене түседі. Ал бұл ауқымды жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын табатын болады, – дейді Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов.