Достық-Алашанькоу  темір жол өткелімен алғашқы жүк қозғалысы ашылғанына 25 жыл толды. Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдан бастап Қытаймен шекарада халықаралық темір жол өткелі жұмысын бастады.   Осыдан ширек ғасыр бұрын, дәл 20 шілде күні Достық станциясынан пойыз қозғалысы ашылып, тәулігіне 32 вагон өткізілсе, қазіргі таңда ол мыңдаған вагондарды құрайды. Достық-Алашанькоу шекаралық мемлекетаралық  бекетінің өткізу мүмкіндігі жылына 20 миллион тоннаны құрайды.  Биылғы жылдың алғашқы алты айында үш миллион тонна жүк өткізілсе, бұл 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 260 мың тоннаға жоғары көрсеткіш. Достық станциясында мемлекеттік шекара арқылы пойыздарды қабылдап, өткізудің кешенді жұмыстары атқарылады. Оның ішінде жүктерді тар табанды жолдан кең табандыға алмастыру, жүк және жолаушылар вагондарының арбашықтарын ауыстыру, жылжымалы құрамдарды жасақтау мен тарату, олардың Қазақстан аумағы және шет елдерге жөнелтуді қамтамасыз етеді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шекаралық станцияны дамытуға және теміржолшылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге баса назар аударып отыр. 2008 жылдан бері еңбеккерлерге 25 тұрғын үйдегі 505 пәтер бөлінді.  Бүгінде Қазақстаннан Қытайға шығатын  Достық шекаралық темір жол станциясында он мыңнан астам адам тұрады. Олардың негізін теміржолшылар құрайды.

Әсел ТӨЛЕГЕНОВА