Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Қыстың өз қызығы бар
2 мин чтения
Семейлік теміржолшылар биыл қысқы спорт түрлері бойынша ерекше белсенділік танытуда. Атап айтсақ, жуырда қала орталығындағы «Спартак» спорт кешеніне барып, шаңғы спорты бойынша президенттік тест тапсырды.
Бұл шараға осы жолы жүзге жуық теміржолшы жиналған екен. Белгіленген норматив бойынша ерлер 3 км жерді шаңғымен жүріп өтулері тиіс болса, нәзікжандылар қауымы 1,5 км қашықтықты мейлінше аз уақыттың ішінде бағындырулары міндетті болатын.
Алғашқы болып төрт қатар шаңғы жолағымен жолға шыққан әйелдер қауымы жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе, салауаттылықты өмір салтына айналдырған бірқатар егде буын өкілдері топ арасынан қара үзіп шығып, ерекше көзге түсті. Атап айтсақ, осыған дейін де спорттың сан түрінен үздік атанып жүрген жандар мәреге алғашқы болып жетті. Әйткенмен, тәжірибенің аздығынан уақыттан ұтылып жатқандар да табылды.
Қысқы спорттың осынау түрі бойынша жыл сайын қаңтар-ақпан айларында шаңғы жолына шығу семейлік теміржолшылар үшін дәстүрге айналған. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқының спортқа қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары аясында ел тұрғындарына қысқы мезгілде шаңғы жолына шығып, жылдамдық пен шеберлікті анықтауда тест тапсыруды міндеттегені белгілі.
– Спорттың бұл түрі бойынша жарысқа қатысуға көпшілік теміржолшылар құлшыныс білдірді. Олардың арасында аға буын теміржолшылардың көп болғаны қуантады. Жыл өткен сайын жас та қосылады, салмақ та артады. Алайда, биылғы көрсеткіш бұрынғы жылдардағыдан еш кемімеген. Ал осынау спорттық шаралардың бәрі ел Президенті Н.Назарбаевтың 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызының тұрақты түрде бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау туралы міндеттемесі жолында ұйымдастырылып отыр, - дейді Семей жүк тасымалдау бөлімшесінің спорт нұсқаушысы Наталья Мешкова.
Спорттық шараны ұйымдастыруға атсалысқан әр мекемедегі кәсіподақ комитеті төрағалары мен бөлімдер басшылары қатардағы теміржолшылармен бірге шаңғы жолына шыққан. Қатысушылардың ынтасы мен көңіл-күйлері күннің шытымыр аязына қарамастан өте жоғары болды.
Спорттық шараны өткізуге демеушілік жасап, арнайы автокөлік бөлгізген ПЧ-39 бен ПЧ-40 жол мекемелеріне айтылар алғыс зор дейді ұйымдастырушылар.
Ал президенттік тест тапсыру сынында үздік шыққан барлық теміржолшылардың жеке фотосуреттері мен жарыстың қызықты сәттерін бейнелейтін көріністерден бөлімшеде арнайы мүйіс жасалып, композициялық стенд әзірленетін болады.