Ақпанның 19-ынан наурыздың 19-ына дейін өндіріс орындарындағы санитарлық -тұрмыстық жағдайды жақсарту айлығы жүруде. Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясы айлық аясында 21 цехтың санитарлық жағдайын тексеруде. Көктем жақындағалы жаңбыр жиі жауатындықтан, арнайы киім кептіретін қондырғысы бар гардероб-шкафтардың тазалығы  жіті қаралуда. Киім шешетін, ас ішетін бөлмелер де назарға ілікті. Жуынатын бөлмеден бастап, ас бөлмесіндегі тоңазытқышқа дейін талапқа сай ма, жұмысшылардың санының сәйкестігіне дейін қаралады.  Аталған дистанцияның еңбек қорғау бойынша жетекші инженері Гүлайна Бейсенованың айтуынша, қазіргі қолданыстағы гардероб-шкафтың көлемі үлкен болған себебі,  ішінде кептіргіш орнатылған. 21 цехта 7 адамнан бастап 20-30 маманға дейін жұмыс істейтіндіктен, электромонтер, электромеханик, т.б. 300-дей жұмысшы маман шкафтармен қамтылған. – Цехтардың санитарлық-тұрмыстық жағдайы көктем мен күзгі комиссия барысында да тексеріледі. Одан бөлек ай сайын дистанциялықтар өз жоспарына сай тексеріп тұрады. Табылған кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылады. Әріптестеріміз де осы әдетке үйренген, барлық уақытта таза да жинақы отырады. Қазіргі заманға сай кептіргіші бар шкафтар көлемді болғандықтан, оларды кеңес одағы кезінде салынған бөлмелерде орналастыру басында қиындық тудырған еді. Бірақ қолайластырып орнатылған соң қолданысқа дұрыс болып шықты, – дейді Гүлайна Бақтиярқызы. 

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент