Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Үнем көзі – диодты шамдар
1 мин чтения
Энергия қорғайтын диодты шамдар орнатылғалы Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы бір жылда 45 миллион теңге үнемдеп отыр.
Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржысы есебінен теміржол бойындағы шамдар соңғы екі жылда жаңа түрімен ауыстырылып келеді. Дистанцияның техникалық бөлімінің басшысы Нұрбек Абдуловтың есебінше, мекеме өткен жылы 2,5 млн кВт жарық көзін үнемдеген. Басқаша айтқанда үнем мөлшері – 87%.
«Жеке қажеттіліктеріне Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы 7,5 млн кВт тұтыну жоспарлаған. Іс жүзінде осынша қуатты толық пайдаланды. Ұлттық компанияға қарасты кәсіпорындар 97,5% қуат тұтынған», – дейді ол.
Жалпы, биыл дистанция жарық диодты шаммен 100 пайыз қамтылмақ.
«Биыл 650 диодты шам қондырсақ деген жоспарымыз бар. Осылайша, Ақтөбе өңірі қуат үнемдейтін диодты шаммен 100 пайыз қамтамасыз етілмек. Сонда, жалпы соңғы 3 жылда барлығы 2 мыңға жуық шам орнатылатын болып тұр», – дейді Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы Сәкен Орынбаев.