Сейсенбі күні «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі кәсіподағы» ҚБ Орталық Кеңесінің жартыжылдық жұмыс есебі қорытындыланған отырыс өтті. Күн тәртібінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Трансформациялау бағдарламасы шеңберінде кәсіподақтың қызметі мен құрылымы, Ұлттық компания мен оның еңбек ұжымдары арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың жыл басынан бергі алғашқы 6 айдағы орындалысы, Қазақстан кәсіподағының Орталық кеңесі жұмысының екінші жартыжылдыққа арналған жоспары туралы сөз болды. Соның ішінде екінші мәселе бойынша, жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы киім және аяқ киіммен қамтамасыз ету, қызмет ету аймағының кеңеюіне байланысты, екі кәсіпті біріктіре орындауға қосымша ақы төлеу туралы талқыланды. Жиынға қатысушылар қызметкерлерге төленетін еңбекақының айнымалы бөлігі – тоқсандық жұмысқа сай сыйақы берілмейтіндігіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Себебі бұл жұмысшының да, жалпы ұжымның да еңбек өнімділігіне қатысты ынталануын төмендетіп жібереді. Сондықтан бүгінгі дағдарыс жағдайына қарамастан жұмысшыларды материалдық жағынан ынталандыратын мүмкіндіктер көзін табу керектігі атап айтылды.