Ерман Әбдиев, Луговой
Луговойға да кезек келді
2 мин чтения
Жамбыл теміржолына қарасты аймақтағы ірі вокзалдың бірі – Луговой вокзалы келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Расында, сонау 2003 жылы ауданда болған күшті жер сілкінісінен соң қирап бүлінген вокзалды теміржолшылар күрделі жөндеуден өткізгенннен бергі аралықта жеңіл-желпі косметикалық әрлеу жүргізілгені болмаса үлкен жөндеу көрмепті.
Бұл жайында Луговой вокзалына жаңадан басшылыққа келген жас маман Данияр Райқұлов айтты. Үшінші санатқа жататын вокзалдың әлеуеті жоғары. Оның үстіне кезінде Түрксіб теміржолы бастау алған нүкте болған тарихи жер болған соң маңызы да ерекше. Вокзалдың дәл алдында келген-кеткен пойыздар легін қарсы алып-шығарып салып, Тұрар Рысқұловтың қоладан құйған құрыш мүсіні тұр.
Бүгінде Луговой вокзалынан күнделікті 16 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Вокзал түйіспелі станцияда орналасқандықтан аптасына бір рет Бішкек-Мәскеу жолаушылар пойызы да өтеді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі вокзал шаруашылығының қолдауымен вокзалға бейнебақылаулар орнатылмақ екен. Вокзал бастығынынң айтуынша, бұл вокзалдың қауіпсіздігін арттырып, оның қызметкерлерімен қатар күзет және желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетпек
– Бүгінде вокзал аумағындағы иесіз қоршауларды ретке келтіріп, тазалықпен қатар жабайы сауда орындарымен күрес жүргізіп келеміз. Бей-берекетсіз жабайы сауда пойыздар қозғалысына үлкен қауіп төндіруде. Сондықтан, вокзал аумағындағы сауда нүктелерін жалға алып отырған кәсіпкерлермен бірнеше рет арнайы кездесіп, олаоды келісіп жұмыс істеуге шақырдық. Жергілікті билікпен де тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Жергілікті желілік ішкі істер басқармасының мамандары да тәптіп және реттілік жағынан көп көмек беруде. Вокзал аумағындағы тазалық шараларына барлығы үн қоссын деген ниетпен арнайы билбордтарға да тапсырыс бердік. Осы айда қауіпсіздік техникасы бойынша арнайы рейд жүргізіліп, бірқатар жоспарлы шаралар белгіленді, – дейді Данияр Райқұлов.
Бүгінгі күні вокзал қызметкерлері қыстың құрсауынан босап, алдағы көктемгі комиссиялық байқауға дайындық шараларын қолға алыпты.