Лаура ТАСБОЛАТОВА
Кемшілікке кеңшілік жоқ
1 мин чтения
Өткен жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірқатар жайттар белгілі болды. Кемшілікке кеңшілік жасалмаған. Нәтижесінде 1459 әкімшілік материал рәсімделіп, 54 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, 2017 жылы тасымалдау процесінің барлық қатысушылары Қауіпсіздік ережелерін 881 рет бұзған. Соның ішінде жолаушы пойыздарында 183 оқиға тіркелген. Әсіресе, “Тұлпар-Тальго” вагондары тіркелген жолаушылар пойызына 2015-2017 жылдарға жасалған талдау бұл пойыздарды жабдықтауға байланысты ереже бұзу фактілерінің өскенін көрсетіп отыр. Соның салдарынан Тальго пойызының кідіруі, оның жолаушыларға кері әсер етуі туындаған.
Жолдар мен құрылыс шаруашылығында 146 заң бұзушылық орын алған. Басты себептері – жолдардың жоғарғы құрылыстарында ақаулардың болуы, жылжымалы құрамның 9 рет жолдан шығуына әкелген, адам өтетін жерлерде қоршаудың болмауы, т.т.
Локомотивті және вагон шаруашылығында 50 заң бұзушылық тіркелген. Оның ішінде жылжымалы құрамының жөндеуден өту сапасының төмендігі, локомотив бригадаларының лауазымдық нұсқаулықтарын бұзуы, локомотив ақаулары және т.т. бар.
Өткен жылы, сонымен қатар, Көлікті бақылау органдары 875 жолаушылар пойызын тексеру барысында 1194 билетсіз жолаушыларды тасымалдау мен 1922 кг рәсімделмеген багаж анықтаған.