Осы жылдың 31 шілдесі күні сағат 2-ден 10 минут кеткенде Ақтөбе жол бөлімшесіне қарасты Никельтау – Әйтеке би бір жолды теліміндегі Жоса – Құдықсай аралығында кен тиелген 22 жүк вагоны жолдан шығып кетті. Вагондардың барлығы да қазақстандық «Транском» ЖШС-нің меншігіне жатады. Осы оқиғаға байланысты №20 Астана – Атырау және №88 Астана – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды. Төтенше жағдайдың салдарымен күресіп, қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілді. Қандыағаш және Әйтеке би станцияларының қалпына келтіру пойыздары осы жұмысқа жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында пойыздар қозғалысы 16 сағат 30 минутта қалпына келтірілді. Астана – Атырау пойызы 11 сағат 16 минутқа, ал Астана – Ақтөбе пойызы 7 сағат 46 минутқа өз уақытынан кешіктірілген. Апатты жағдайға байланысты зардап шеккендер жоқ. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның арнайы комиссиясы вагондардың жолдан шығып кету себептерін анықтауда.

Әсел ТӨЛЕГЕНОВА