Әнуар БАЙЖАНОВ
Альмираның асқақ арманы
1 мин чтения
Альмира Сейітмұқанова болашағын теміржол саласымен, анығырақ айтсақ, болашағы зор логистика қызметімен байланыстырғысы келеді. Өйткені ата-анасы «Транстелеком» АҚ қызметкерлері «мемлекет ішіндегі мемлекет» атанған саланың сан-салалы және келешегі кемел екенін айтып отырады.
Әкесі Нұрлан талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша жетекші инженер болса, анасы Светлана аға телеграфшы болып еңбек етеді. Отбасының тұңғышы Альмираны олар кішентай демейді, жастайынан сенім артып, қатарларындай сөйлесіп үйренген. Сондықтан қыздары «Бурабайдағы «Балдаәурен» оқу-сауықтыру лагеріне жолдама ұтып алғанда алдымен құттықтап қуанған да, жеңісіне мақтанған да ата-анасы болды. Олар тек жолақысын төлеген. Оралдан барған 14 баланың ішінде теміржолшылар отбасының жалғыз өкілі Альмира болды.
Алғыр да ақылды қыз «Күн шуағы» тобының басшысы болды және достары мен вожатыйларының сенімін ақтай білді. Түрлі интеллектуалдық ойындар мен спорттық сайыстардың бел ортасынан табылған сегізінші сынып оқушысы өзінің «Мен – өз елімнің патриотымын» жобасы бойынша туған қаласы Оралдың таныстырылымын қазақ тілінде қорғап, лагерь базасында жұмыс істейтін қазақстандық жас патриоттар Академиясына түсті. Сөйтіп, 300 қатысушының арасынан суырылып шығып, үздік жетіліктің қатарынан көрінді.
Альмираның арманы асқақ. Ол келесі жылы республикалық патриоттар форумына қатысқысы келеді.