Ақтөбе локомотив пайдалану депосының машинистері жыл басынан бері  11 рет шұғыл тежегішті іске қосқан. Оның басым бөлігінде жолдағы адамға байланысты тоқтауға мәжбүр болған.  

 Жылжымалы құрамның теміржол бойында адамдармен соқтығысу салдарынан екі жағдай адам өлімімен аяқталған. Талдау нәтижесі көрсеткендей, шұғыл тежеу және жаяу жүргіншілерді соғып кету деректерінің басым бөлігі «Ақтөбе-Жіңішке» телімінде орын алған.   Ақтөбе станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің баспасөз қызметкері Роза Төлегенқызының айтуынша, рейдтік шара қоршауға алынбаған телімдерде өткізілген. Сонымен бірге, машинистер шұғыл тежегішті жиі іске қосатын Тұрғындар қалашығы ауданында да жүргізіліпті. Рейдтерге теміржолшылар мен көлік прокурорлары қатысқан. Өз кезегінде, әкімшілік полиция қызметкерлері теміржол көлігі нысандарында балалар мен ересек адамдар арасындағы жарақат алу және жазатайым оқиғаларды болдырмау, алдын алуға бағытталған рейдтік шараларды ұдайы жүргізіп келеді. "2018 жылдың 3 айында  ҚР ӘҚБК-нің 559-бабының 5-бөлігі, яғни теміржол бойын белгіленбеген жерден өткені үшін 537 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – дейді Роза Төлегенқызы.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе