Көктемгі комиссиялық байқауда жақсы нәтижемен шыққан Жамбыл вагон пайдалану депосының басшылығы өзгерді. Жаңа басшы Марат Мырзахметов депоның өндірістік-шаруашылық жұмыстарының өнімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.  Атап айтқанда, «Бүйір рамаларының ақауын бақылау», «Жүк және жолаушылар пойызының автотежегіштері құрылғыларын жақсарту» айлықтарын жоғары деңгейде өткізуге  басымдық берілді. Тек ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 174 жүк және жолаушылар вагонынан, 78 қаламаңы тасымалы  вагондарынан ақау анықталған. Депоға қарасты екі үлкен техникалық қызмет көрсету пункті Сары-Шаған, Шу станцияларында орналасса, түйіспелі Луговой, Тараз станцияларында техникалық қызмет көрсету пункті және Тараз, Шу станцияларында екі вагон жөндеу пункті бар. –  Ағымдағы жылдың үш айында бірқатар жұмыстар атқарылды. Станция басшылары және кірме жол  иелерімен станция жолдарында тексерістер жүргізілді. Наурыз айында ГОСТ 22235-2010 құжат нормативі бойынша Тараз, Бурыл, Шайқорық, Талас, Құмшағал, Шу, Луговой, Қарату, Жаңатас, Сары-Шаған, Боранды, Аса станцияларындағы вагондар тексерілді. Сондай-ақ, вагондарды  құрастыратын сұрыптау дөңестерінің жылдамдығын, өндірістік ахуалын анықтауда Тараз станциясында тоғыз тексеріс болып, бір кемшілік анықталды. Шу станциясында алты тексеріс болса, Луговой станциясында жеті тексеру болды. Күн сайын Тараз, Шу, Луговой сынды өңірдегі ірі станциялар басындағы сұрыптау парктері мен вагон құрастыру алаңдары бақыланып отырады. Наурыз айының өзінде отыз рет тексеріс болып, бес кемшілік анықталған.   – Ал рационализаторлық ұсыныстар беру жоспары бірінші тоқсанда жоспар бойынша орындалып отыр. Айына екі рет техникалық оқулар жүргізіліп тұрады. Бірінші тоқсанда «Бүйір рамасы» және «Букс қорабы суық қалпында» ақаулары бойынша ақау тапқан вагон қараушыларды ынталандыруға ұсыныс жібердік. Атап айтқанда, Шу, Тараз, Луговой және Сары-шаған ваогндарға техниалық  қызмет көрсету пунктерінде еңбек ететін бір топ вагон қараушы-жөндеушілер:  Жасұлан Өмірбеков, Талғат Әмірбеков, М.Абжанов, Бауыржан Кулумбетов, У.Мустафаев, М.Ахметов, Р.Нұрмағамбетов, Н.Кошекбаев, А.Иманбаев, К.Нуриев, А.Нурманов , Б.Оразымбетов , Б.Терликбаевтар еңбектерін ерекше атап өтуге болады, – дейді Жамбыл вагон пайдалану депосының бастығы Марат Мырзахметов.

Арсен БАЙЗАҚ, Тараз