Өткен аптада М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік академиясында «Студенттік Көктем-2018» атты фестиваль өтті. Болашақ теміржолшылардың шығармашылығын шыңдайтын бұл шараға академияның барлық факультеті түгел  атсалысты.  Дәстүрлі  «Студенттік көктем»  байқауының басты мақсаты – талантты жастардың қабілетін арттырып, өнерін өрге жүздіру. Сондай-ақ бұл байқау қазақ халқының ұлттық құндылығын, мәдени және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.   Фестиваль барысында ордалы оқу орнының «сен тұр, мен атайын» дейтін жүзден аса  жалынды жастары  "Жанымды еліктірер ән", "Мені таң қалдыр", "Кел, билейік!" атты сайыстар бойынша  бақ сынасты.  Өзара тартысқа түскен топтардың өнерін  «Серпер» сыйлығының лауреаты А.Шаяхметов, кино әртісі және тележүргізуші Ә.Өтешова, академия кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Абибуллаев және қазылар алқасының төрайымы, академияның тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры М.С.Жармағамбетова сынды қазылар алқасы бағалады. Кең көлемде дүркіреп өткен фестивальдің жанкүйерлерінің өзі  бес жүзден асып жығылды. Тартысты додада қарсыластарына дес бермей оқ бойы озық шыққан "Логистика және басқару" факультеті 1-орынды иеленіп, жеңіс туын желбіретті. Ал "Автоматтандыру және телекоммуникация" факультетінің намысын қорғаған студенттер  жүлделі 2-орын алса, "Көлік техникасы және құрылыс" факультетінің білімгерлері  3-орынды місе тұтты. Байқау соңында белсене қатысқан барлық топ дипломдармен марапатталып,   арнайы сыйлықтарға ие болды. Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, Астана