Ақтөбе жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелері үшін жазғы спорт маусымы ашық деп жарияланды. Салтанатты шараға бөлімше басшылығы мен кәсіподақ бірлестігі өкілдері, сонымен бірге, спортты серік еткен теміржолшылар қатысты. Айта кетейік, теміржолға жақын жерде былтыр теміржолшылар үшін жазғы стадион салынған болатын. Онда тек жылдың жылы кезеңінде ғана спортпен айналысуға болады. Былтырдан бері ондаған ірі шара өтті. «Биылғы жаз маусымының ашылу салтанатына орай, футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып отыр. Оған теміржолшылардан құралған 6 команда қатысуда. Топ жарған команда Астанада өтетін ақтық кездесуге жолдама алады. Қыркүйек айында еліміздегі теміржол бөлімшелері арасынан үздіктер жиналып, мықты ойыншылар іріктеледі. Мұның барлығы салауатты өмір салтын насихаттау үшін жасалып отыр. Елбасының өзі спорттық алаңдарды көбейту керектігін айтқан  болатын», – дейді кәсіподақтың Батыс филиалының бас сарапшысы Нұрбек Досберген. Кәсіподақ өкілінің айтуынша, спорттық шаралар тек Ақтөбеде емес, жол бойындағы Шалқар, Қандыағаш секілді станцияларда да ұйымдастырылуда.  Былтырдың өзінде бөлімшеге қарасты станцияларды есептемегенде, көршілес Маңғыстау, Орал өңірлерінен теміржолшылар келіп, бақтарын сынаған. Шараның ашылу салтанатында Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғали Жайлаубаев лебіз білдіріп, теңбіл доп тебуден сайысқа түскелі отырған спортшы-теміржолшыларға сәттілік тіледі. Тіпті, қақпаға алғашқы голды ырымдап Серғали Жайлаубаевтың өзі салды. Жолдастық кездесуде машинистер командасы топ жарды, екінші орынға байланысшылар жайғасса, үшінші орын вагоншылардың еншісінде. Барлығы 8 команда қатысты.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе