Қосұйым Мұқашев, Атырау облысы
Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
2 мин чтения
Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес және заң үстемдігі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтіп, оған 30-ға жуық адам қатысты.
Мәжілісті бөлімше директоры Ықылас Абаев ашып, бөлімше жұмысымен қысқаша таныстырды. Өткен 4 айда өндірістік жарақат алу оқиғасы болмаған, барлық 16 көрсеткіш бойынша бөлімше негізгі жоспарды орындап отыр. Теміржолшылармен кездесуге келген Атырау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бас маманы С.Сағытжанов, Атырау көлік прокуроры міндетін атқарушы Н.Сәрсенов, облыстық Кәсіпкерлер палатасы сарапшысы А.Дәулетов, «Нұр Отан» партиясы Атырау филиалы инспекторы Ж.Жалмұқанов, көлік инспекциясының бас маманы Н.Макешова және желілік ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры С.Кульчиев өз салалары бойынша баяндамалар оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сыбайлас жемқорлық тақырыбында бейнетүсірілім көрсетіліп, онда пара алып ұсталған мемлекеттік қызметшілердің құрықталуы, жазалануы, жазасын өтеп жатқандығы көрсетілді. Бүгінде темір тордың аржағында отырған олардың жасаған қылмыстарына өкінетіні, басқалардың мұндай қателікке бармауы айтылды. Көлік проркурорының айтуынша, жүк тасымалы бойынша ешқандай қылмыстық іс болмаған, алайда жолаушы тасымалында билетсіз жолаушы алған жолсеріктер кездескен. «Нұр Отан» партиясының инспекторы қылмыстың алдын алуда түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп отыратындығын алға тартты. Теміржолшылар цифрлы технологияға көшу, өндірісте құжат айналымын электрондық ақпараттандыру сынды басқа да өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауап алды.