Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы жолаушылар айналымы өткен жылды толық алғандағы айналым көрсеткішімен бірдей шығып, пойызбен сапарлайтындар саны еселеп артқанын көрсетіп отыр. Биылғы төрт ай ішінде компания мереке күндеріне орай  7 бағдар бойынша бір реттік қосымша пойыздар шығаруы арқыы 17 млн км жолаушы көлемінде қосымша жолаушылар айналымына қол жеткізілді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыстарын қорытындылаған компания басшысы Арман Сұлтановтың айтуынша, жолаушыларға қызмет көрсету мен кері байланысты ұйымдастыру сапасын арттыру мақсатында «Эйр Астана» АҚ-мен бірге жеке тұлғалық қасиеттерді дамытып, сервистік персоналды клиентке бағдарлана отырып ойлауға қайта бағдарлайтын тренингтер өткізілген. Оған Тұлпар-Тальго пойыздары бригадаларының 1338 қызметкері  қатысқан. «Эйр Астана» АҚ жасаған оқыту бағдарламалары шеңберінде қоғам қызметкерлерінен  10 нұсқаушы-инструктор дайындалып, оларға рейс алдындағы және жолдағы қызметі бойынша тренингтер жүргізілген.  Жоспар бойынша мамыр айында пойыз бригадаларынан 450 адамды ағылшын тіліне оқыту, тамызда 1440 адамға сервистік қызмет көрсету сапасы бойынша тренинг жүргізу көзделген екен. – Сонымен қатар, азаматтардың арыз-шағым, өтініштерін қабылдау және жауап беру бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде қоғам президентінің блогы, корпоративтік пошта, 1433 номері бойынша бірыңғай байланыс орталығы бар. Барлық өтініштер жедел түрде өңдеуден өткізіліп, жауаптары дайындалады, осының бәрі жолаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында жасалады, – дейді қоғам басшысы.    Пайдалану қызметі шеңберінде қоғамда 276 вагонға жөндеу жұмыстарының жоспарлы түрлері жасалған. Соның ішінде 245 вагонға деполық, 31 вагонға күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінгі таңда жолаушылар вагондарының паркі 2355 бірлікті құрайды. Сонымен бірге 2023 жылға дейін әлеуметтік бағдарда жүретін 800 вагон есептен шығарылуы жоспарланған. Жылжымалы құрамды жаңарту бойынша стратегиялық әріптестермен келіссөздер жүргізілуде екен.

Райхан РАХМЕТОВА