Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Естігеннен көрген жақсы
2 мин чтения
Қызылорда темір жолында балалар мерекесі қарсаңында қызық бір шара өтті. Қауіпсіздік ісіне жауапты аймақтағы бір топ теміржолшы қауіпті аумақ саналатын теміржол бойында рейд өткізді.
Қызығы сол, бұл рейдке бір топ балалар, мектеп оқушыларының қатысуы еді. Қызылорда станциясының басшылығы, Қызылорда жол дистанциясы, «Теміржол» партия филиалы, БПҰ белсенділері мен Қызылорда ЖІІБ өкілдері қауіпті аумақты кесіп өту кезінде жол жүру ережесін қатаң сақтау, теміржол өткелдерінің тыйым салынған жерлерінде жүргіншілердің жол ережесін сақтауын балаларды ілестіріп жүріп, жол бойын түгел аралатып, көрсетіп, түсіндіріп шықты.
Жол жағалай түсіндіру шараларын жасап ескерту парақшалар таратып келе жатқан рейдке шыққан топ мүшелері қаладағы келеңсіз жағдайлар жиі орын алатын Шұғыла мөлтек ауданы тұсындағы теміржол өткелі маңында кідіріс жасап, өткелден өтіп жатқан жаяу жүргіншілермен тілдесіп, түсіндіру шараларын жалғастырды, олардың айтқан ескертпелерін тыңдады.
«Нұр Отан – балаларға» республикалық акциясы аясында теміржолдың қауіпті аймақ екендігіне ереше көңіл бөліп, оның маңында барынша сақ болып, балалардың өмірін сақтауға қоғам назарын аударуды көздеген акция өз жемісін берері сөзсіз. Өйткені, «мың рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, рейд барысында балалрдың көп нәрсеге көз жеткізіп, теміржолдың қауіп-қатері жайлы түсініктері де артқаны байқалып қалды.
Рейд барысында әр балаға арнайы дайындаған ақпараттық-танымдылық материалдар таратылды.