Елена ҚОЛДАСБАЕВА, Алматы
Алтынкөл – Нұркент: қайырымдылық марафоны
2 мин чтения
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алтынкөл станциясының ұжымы «Балалардың арманын бірге орындайық» атты қайрымдылық марафонын ұйымдастырды.
Марафондық жарыс маршруты Алтынкөл-Нұркент тас жолының 7-ші шақырымынан 1-ші шақырымына дейінгі аралықта өтті. Жарысқа Алтынкөл станциясы торабында орналасқан теміржол қозғалысына қатысы бар барлық сала қызметкерлері мен теміржолшылар, сонымен қатар аймақта орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА, «KTZE – Khorgos Gateway» ЖШС және МЦПС «Хоргос» АҚ ұжымдары да қатысты. Барлығы 200-ге жуық қатысушы тіркелген марафондық жарыста ерлер 7 км, әйелдер 5 км қашықтыққа жүгірді.
Жарыс жолы тақтайдай тегіс және жайлы болды, әрине барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді. Жанкүйерлер де көп жиналды. Қорытындысы бойынша ерлер арасында «Хоргос сервис» ЖШС жұмысшысы Әсет Истаев бірінші болып мәреге жетсе, екінші және үшінші орындарды қашан да жоғары дайындық үлгісін танытатан әскери бөлімнің қызметкерлері Абылайхан Нұртазин мен Әділбек Дайырманов бөлісті. Әйелдер арасында бірінші болып брокерлік компания қызметкері Карина Омарбекова келсе, екінші болып Алтынкөл станциясының тауар кассирі, Мадина Берікханова, үшінші болып Алтынкөл станциясының ТСО операторы Мира Құсайынова мәре сызығын кесті. Ең қарт қатысушы марапатына ПЧ-62 жұмысшысы 58 жасар Болатбек Нұрмаханбетов ие болса, ең жас қатысушы болып жергілікті теміржолшылардың ұлы 14 жасар Арын Ерасыл танылды.
Алтынкөл станциясының басшысы Ж. Ұнтақбаев қайырымдылық марафонына қатысқан және жүлдеге ие болғандарды түгел құттықтап, алғыс айтты. Теміржолшылар кәсіподағы ұйымы мен марафонға қатысушылардың қолдауымен қайырымдылық шарасынан түскен қаржыға Панфилов ауданында орналасқан денсаулығы төмен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрмысқа қажетті заттар мен оқу құралдары сатып алып берілді.