Семей ЖТ бөлімшесінің спорт нұсқаушылары денсаулық айлығы аясында бірқатар шараларды қолға алуда. Соның ішінде теміржолшыларды өз жұмыс орындарында тұрақты түрде спорттық жаттығулар жасауға тарту ісі бірінші кезекте тұр. Қазіргі күні кеңседе жұмыс істейтін әрбір теміржолшы тәуліктің белгілі бір мерзімінде арнайы бекітілген нұсқаулық бойынша гимнастика жасайды. Дегенмен күнделікті қауырт жұмыс барысында бой сергітер спорттық жаттығуларға аса мән бере бермейтіндер де кездесіп жататыны белгілі. Сондықтан да, спорт нұсқаушылары әр кабинетке арнайы бас сұғып, қызметкерлерді ұжымдасқан түрде гимнастикалық қимыл-қозғалыстарға тартуда.   Аталмыш іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Наталья Мешкованың айтуынша, бүгінде ұлттық компания қызметкерлері арасындағы ең жиі кездесетін сырқат түрі – жүрек-қан тамыр аурулары екен. Бұл теміржолшылар арасындағы барлық сырқаттардың 39,7 пайызын құрайтын көрінеді. Оған себеп – құбылмалы қолайсыз климаттық жағдайда жұмыс істеу мен физикалық белсенділіктің төмендігі. – Соңғы кезде қызметкерлердің белсенділігі артып келеді. Алғашқы кезде үгіттеп зорға жинайтын болсақ, бүгінде өздері-ақ жетіп келіп, қашан билейміз деп тұрады. Қимыл-қозғалыс, жаттығу – жүрек-қан тамырлар жұмысын жақсартып қана қоймай, дене шымырлығын, сымбатын арттыратынын кім білмейді?! – дейді пікір білдірген Семей ЖТ бөлімшесінің спорт нұсқаушысы Жанат Мойынбаев. Сонымен қатар, бүгінгі таңда бөлімшенің кадрлар бөлімі қызметкерлері тарапынан жұмысшылардың денсаулық жағдайының мониторингі жасалынып, жиі сырқаттанатын теміржолшыларға кеңес беріледі. Сонымен қатар, сала мамандарының табиғат аясындағы тынығулары ұйымдастырылып, кешкі мезгілдерде жаттығу залдарында спорттық шаралар өткізіледі. Бұдан өзге алдағы уақытта теміржолшыларды денсаулыққа күтім жасауға назар аударту мақсатында арнайы тренингтер, жастардың қатысуымен флэш-мобтар және табиғат аясына серуен, жазғы квест ойындарымен қатар «Дұрыс тамақтану» күнін ұйымдастыру да жоспарлануда.    

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей