Жамбылдағы әскерилендірілген темір жол күзетінің қызметкерлері Балалардың құқын қорғау күні облыс орталығындағы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Есімжан Шәбденнің жеке есеп-шотына 315 000 теңге аударды. «ӘТЖК» АҚ Тараз филиалының директоры Бауыржан Төлепбергенов пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Данияр Қойбақов, бас бухгалтер Айгерім Ерментаева және кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Баймұрзаева бастап барған топ бұдан бөлек 12 балаға сый-сияпат жасады. Ал Есімжанның есеп-шотына аударылған қаржы сертификатын Бауыржан Төлепбергенов балалар үйінің директоры Айжан Мейірхановаға табыс етті. Бүгінгі күні бесінші сыныпта оқитын Есімжан күзетшілердің «полк баласы» десек болады, оның есеп-шотына бұл қаржы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» бағдары аясында өтеусіз қаражат көмегі ретінде аударылады. Және Есімжан 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын осындай көлемде қаржы аударылып отырады. Және болашақта Есімжанның жоғары оқу орнында оқуы және жұмысқа тұруы да Әскерилендірілген темір жол күзеті мекемесінің назарында болады деген сөз. Сондай-ақ, мекеменің кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Баймұрзаеваның айтуынша, мерекеге орай мекемедегі 15 көпбалалы отбасыларға 10 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беріліпті. –  Жыл бойына балалар үйінде өтетін әрбір шараның бел ортасынан табылып, қолынан келгенше көмек беріп отырған Әскерилендірілген темір жол күзеті қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай ел азаматтарына қарап бой түзеген балаларымыз ертеңгі күні жақсы азамат болып өсетіне сенімдімін, – дейді Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің директоры Айжан Мейірханова.

Ерман Әбдиев, Жамбыл