Талғаттың арманы
2 мин чтения
Арман – адам баласының алдына таудай талап қойып, биіктерге жетелейтін тылсым күш. Оның тамыры қаншалықты терең болса, ойдағы мақсат-мұраттың орындалар күні де алыс болмас. Кім білсін, сол арман атты ақ құс шағын ғана Бопай станциясында тұратын теміржолшы жігіт Талғатты да айналып өтпес...
Жігіттің арманы асқақ және ол елордамыз – Астанамен байланысты.
Қылқаламды серік еткен теміржолшы жас туралы бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Болашақта Астанада тұрсам, бас қалада сурет көрмесін өкізсем, өз көкжиегімді кеңейтіп, білгенімді сурет салуға ынталы жастармен бөлісіп, оқысам, үйренсем, атақты мэтрлардан дәріс алсам деп армандайтын Талғат Оразов – ШЧ-10 мекемесінде электромеханик. Теміржолға келгеніне 4 жылға жуықтаған.
– Мендегі өнерге құштарлық қанда бар қасиет болса керек. Әкем Мұратбай Оразов кезінде сурет салып, домбыра, гитарада ойнаған. Ол да теміржолшы. Нағашыларымыз өлең шығару, ән айту, күй тарту дегенге жақсы. Нағашы атамыз Амангелді "Қазанғап" оркестрінің мүшесі, ағамыз Алтай көпке белгілі суретші болыпты. Мен де ес тани бастағалы қылқаламға бейімділікті байқадым. Ешкім технологиясын үйретпесе де бірте-бірте өзімді жетілдіре түстім. Суреттеріме адамдардың қызығушылығы маған шабыт бере түсті. Сатып алып, тапсырыс беретін болды. Көбінесе тапсырыспен салатындықтан қазір қолымда 3-4 картинадан басқасы қалмапты. Біршама жинақтасам, Астанаға апарып, көрме өткізу ойымда бар. Астана өнеріме кең мүмкіндік ашарына сенемін. Ол – болашақтың қаласы. Оған алғашқы сапарымның өзінде көзім жетті. Өзім сияқты келешек қамымен жүрген жастарды көп кездестіргем. Бойымда бәсекелестік оянып, алдыма біраз мақсаттар қойып отырмын, – деп сырымен бөлісті суретші-теміржолшы жігіт.
Шахида Жұман,
Маңғыстау