Үздік кабинет – қолайлы жұмыс орны
2 мин чтения
Жұмыс орнының қолайлы болмағы, қызмет барысын ұтымды ұйымдастыру – әрдайым еңбек өнімділігіне бастайтын шара. Бұл ретте мекемеде отыратын теміржолшылардың кабинеті барлық талапқа сай болуы қажет.
Міне, осы орайда Семей ЖТ бөлімшесі басшылығы биыл тұңғыш рет «Үздік кабинет» байқауын өткізіп, бас ғимараттағы өз ісіне құнтты мамандарды марапаттады. Байқаудың басты мақсаты кабинеттердің жалпы жағдайын, санитарлық талап нормаларына сәйкестігін анықтау, декоративтік өсімдіктермен әсемделуін және эргономика ережелеріне лайықтылығын бағалау әрі осыған үндеу болатын. Ең бастысы, әрине, қызметкерлерге қолайлы жұмыс орны болмақ.
Өндірістік-техникалық бөлім мен кадр бөлімі басшылығы, әкімшілік-шаруашылық бөлімі және кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінен құрылған арнайы комиссия үздік кабинет статусына лайық кабинеттерді анықтау үшін жан-жақты жұмыс жүргізді.
Жұмыс орнын мәдени және санитарлық-эстетикалық келбетке лайықты ету үшін өткізілген байқауға әкімшілік ғимараттағы барлық кабинеттер толық қатысты. Сайыс мақсаты алдын ала жарияланып, хабарландыру ілінген болатын. Ал, уәделі мерзім соңында комиссия мүшелері барлық кабинеттерді аралап шығып, үздіктерін анықтады. Баға беру балмен белгіленді. Нәтижесінде қатысқан 28 кабинет ішінде байқаудың барлық талаптарына толықтай сай келген үш жұмыс орны жоғары бағаланды. Атап айтсақ, персоналмен жұмыс, есепшілер отыратын бухгалтерия және жетекші инженерлерге тиесілі логистика бөлімі кабинеттері ең жоғары балл алса, тағы 8 кабинет тәуір баға алса, өзгелері байқауға қатысуға дайын болмай шыққан. Үздік кабинеттер өзгелерге үлгі етіліп, сонымен қатар, ол кабинеттерде отыратын мамандарға өз қалаулары бойынша кеңселік бұйымдар берілді.
Қуаныш Қожаев, Семей