Тараз темір жол колледжінде 710 студент 12 мамандық бойынша білім алуда. Болашақ теміржолшылардың дені – облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың ұл-қыздары. Осы арнаулы орта білім мекемесінде білім алып жатқан болашақ  теміржолшылардың алаңсыз білім алуы үшін облыстық білім басқармасы жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, жатақхана салынып, пайдалануға берілген болатын. 100 студентке арналған жатақхана биыл толық дайындықта студенттер қабылдауда.  -Біздің колледжде облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм, Сарысу, Қордай, Шу аудандарының және көрші жатқан Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының балалары оқиды. Сондықтан жатақхана мәселесіне қатысты  өзекті мәселе туындағандықтан, білім басқармасына ұсыныспен шыққан болатынбыз. Сөзіміз аяқсыз қалмай, міне, бұл игі істің игілігін сол шалғайдан келген студенттер көруде, – дейді №13 Тараз темір жол колледжінің директоры Нұржан Нұралиев.  «Темір жол бригадирі» мамандығының екінші курс студенті Нұржігіт Нағашбек жатақханадан орын алғанына өте қуанышты.  -Жатақхана оқу ғимаратына тиіп тұр. Сабаққа баруға да, қол бос кездерде спортпен шұғылдануға, колледж кітапханасына баруға да көп тиімді болып тұр, – дейді ол.

Ерман ӘБДИЕВ, Тараз

Суретті түсірген автор