Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Олар – болашақ теміржолшылар
2 мин чтения
М.Тынышбаев атындағы ҚазККА қарасты Шымкент көлік колледжіне 2016-2017 жылғы жаңа оқу жылының күндізгі бөліміне 158 студент оқуға қабылданды.
Сыртқы бөлімге қабылдау қыркүйектің 20-на дейін жүретіндіктен, әлі теміржолшы болуға ниет білдіретіндердің қатары көбеюі мүмкін.
– Өткен оқу жылында бітірген 217 түлектің 20-сы М.Тынышбаев атындағы ҚазКК оқуын жалғастырса, 30 түлегіміз Бадам станциясының жанындағы Оңтүстік Индустриалдық Аймақтағы ауыр техникаларды жасап, жөндейтін зауытта екі айдан бері өндірістік сынақтан өтуде. Жақында сынақ мерзімі аяқталып, жұмысқа қабылданбақ. Қалған түлектердің біршоғыры жекеменшік көлік құрылымдарына, басқа да ұқсас салаларға жұмысқа орналасып жатыр. Ал, дуальдық оқыту жүйесі бойынша 3-4 курстың 13 студенті Астана – Алматы бағытындағы «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызында жолсерік болып темір жолдағы алғашқы еңбегін бастап кетті. Арасында «Жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде жұмысқа орналасқандары да жоқ емес. Жалпы, биылғы түлектердің қаншасы жұмыспен қамтылғаны жайлы толық мәлімет қазан айында нақтыланады, – дейді колледж директорының өндіріс және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елзат Өтебергенов.
Елзат Шахатұлы сонымен қатар, жақында өзімен бірге тағы бір мұғалімнің Астанаға біліктілігін арттыруға баратынын айтты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің № 27 бұйрығына сай, барлық оқу орындары 2018 жылы аквитациядан өтпек. Яғни, бұл дегеніңіз, білім ордасындағы сабақ беру жүйесін күшейтілген формаға ауыстыру. Әрі шет елден келген тәжірибелік сынақтарды мерзімінде игеру үшін ұстаздар қауымы жылдамдатылған сабақ кестесіне бой үйретпек. Мақсат – колледждің білім сапасын көтеріп, студенттерге қолайлы жағдай жасап, жаңа технологиялармен білім алуды қолға алу.