Кемел МАРАТ
Қос ардагерге құрмет
1 мин чтения
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ «Ақтоғай локомотив пайдалану депосы» филиалының ұжымы теміржолшылардың төл мерекесіне орай марапатқа ие болған қос аға буын өкіліне құрмет көрсетті.
Зейнеткер Кенжебай Смағұловпен бірге аталған кәсіпорында талай жыл еңбек етіп, адал тер төккен, бүгін зейнет жасына толып, құрметті демалысқа шығып отырған Айтмырза Әбдіқадіровке әріптестері ерекше ілтипат танытты.
Кенжебай Әлімұлы алғашқы еңбек жолын 1970 жылы Аягөз станциясындағы 10-шы негізгі локомотив депосында тепловоз машинисі көмекшісі ретінде бастаған. Жалпы жұмыс өтілі – 50 жыл. Локомотивтерді қараушы және жөндеуші слесарь, тепловоз машинисі, машинист-нұсқаушы, шаруашылық тобының басшысы қызметтерін атқарған Құрметті теміржолшы міне, тағы бір марапат – «Еңбек ардагері» төсбелгісін төсіне тақты.
Ал саладағы локомотивтерді жөндеуші слесарь Айтмырза Әбдіқадіров ҚР инвестиция және даму министрі Ж.Қасымбектің Алғыс хатын иемденді. Еңбек ардагерін ұжым зор сый құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды.