Осы аптада Қарағанды жүк тасымалы бөлімшесінің жыл басынан бергі сегіз айда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған тораптық кеңес өтеді деп күтілуде.   Бұл жиналыс барысында жүк айналымының сандық және сапалық көрсеткіштері, жүк тиелімі, жүк түсіру, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі, жүк жөнелтушілермен арадағы байланыс, алдағы қыс маусымына шаруашылықтар мен кадрларды дайындау, көмір тасымалына вагондармен қамтамасыз ету, тағысын тағы мәселелер көтеріліп, кемшліктер мен проблемалық жайттар талқыға түспек, сондай-ақ, күрмеулі мәселелердің дұрыс шешімін табу жолдарын қарастырылмақ. Әйтсе де, бұл жиын да теміржолшылардың жұмыстағы кем-кетігін түгендеп, түзеумен қатар, қол жеткізген жетістіктері де назардан тыс қалмақ емес. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Ғылыми-техникалық ақпарат және талдау орталығының мамандары Қарағандыға арнайы барып, Компания президентінің тапсырмасымен жаңалық ашуда ерек еңбектерімен көзге түскен үздік өнертапқыштарға «Үздік рационализатор» төс белгісін куәлігі табыс етіліп,  дипломмен марапаттайтын болады. –«ҚТЖ» ҰК» АҚ рационализаторлық қызметті 2011 жылдан бастап қолдап, ерен жаңалығымен ерекшеленген өнертапқыштарды қаржылай ынталандырып келеді. Сол уақыттан бері қарағандылық теміржолшылардың рацқызмет аясын кеңейтуге белсенді үлес қосып келе жатқаны байқалуда. Мәселен, өткен бес жыл ішінде 60 теміржолшыдан рацұсыныс келіп түссе, соның 30 пайызын қарағандылық өнертапқыштар құрап отыр. Бұл жоғары көрсеткіш. Алдағы тораптық жиында, біз өткен жылдың қорытындысы бойынша рацұсыныстары топ жарған Қарағанды бөлімшесінің 7 еңбеккерін «Үздік рационализатор» төсбелгісімен марапаттайтын боламыз. Олар Қарағанды және Ағадыр электрмен жабдықтау дистанциясының, Ағадыр машиналандырылған жол және ірілендірілген жол дистанцияларының қызметкерлері болса, ал екеуі Қарағанды вагон пайдалану депосының, ал біреуі Жаңарқа белгі беру және байланыс мекемесінің еңбеккерлері, – дейді орталық директорының орынбасары Наталья Смольянова.

Ислам ТАЛҒАТ