Нұрбек БЕКЕН
Жөндеу жұмыстары жалғасуда
2 мин чтения
Қазіргі кезде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Қарағанды облыстық филиалы ұзындығы 64 шақырымға жуық бірнеше учаскелерде және көктем тасқындарынан зардап шеккен екі су өткізетін құбырларда жөндеу жұмыстарын бітіргенін хабарлайды аталған қоғамның баспасөз қызметі.
Жылдың соңына дейін тағы да мемлекеттік деңгейдегі 98 км автожолды жөндеп, оның 91 км жолды пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Бұл күнде орташа жөндеу жұмыстары «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Астана – Рождественка – Киевка – Теміртау» және «Қызылорда – Павлодар – Ресей шекарасы» телімдерінде аяқталыпты. Сондай-ақ, өткен жылы тасқыннан зардап шеккен «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз» автожолының Кульса өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өткен. Бұл нысанда жөндеу жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталып, биылғы шілде айында аяқталды. Жөндеу барысында көпірдің жүретін жолы кеңейтіліп, ұзындығы 3 есе ұлғайтылды, сондай-ақ, көпірдің жүк көтергіштік қабілетін күшейтілген. Қазір көпір автокөлік қозғалысы үшін ашылған.
Ал биыл «Астана – Рождественка – Киевка – Теміртау» автожолының 21 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліп, оның құрамындағы Көкпекті өзені арқылы өтетін көпір толығымен жөнделді. Бұл телім алдағы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал жөндеу жұмыстарын алдағы жылы толық аяқтауға межеленген «Бастау – Ақтау – Теміртау» жобасы бойынша ұзындығы 41 км автожолдың 7 шақырымын биыл жөндеп біту жоспарланып отыр.
«Жезқазған – Қарағанды» телімінің де ұзындығы 12 км аса күрделі автожол телімі ағымдық жөндеуден өтіп, мұнда автокөлік қозғалысы ашылған. Өткен айда «Жезқазған – Қарағанды» жолының тағы 6 шақырымында ағымдық жөндеу жұмыстарын бастаған болатын, оны тәмамдау 2016 жылдың қараша айына белгіленіп отыр. Мамандар, жөндеу жұмыстарынан кейін телімдерде көліктік-пайдалану көрсеткіштері жоғарылап, қозғалыс қауіпсіздігінің жақсара түскенін мәлімдеп отыр.