Гүл ТӨРЕМҰРАТОВА, Атырау
Балаларға базарлық
1 мин чтения
Атырау магистральдық желі бөлімшесінің персонал жөніндегі менеджері Анар Жалғасбаеваның мәліметінше, биылғы оқу жылы қарсаңында 162 теміржолшының 525 баласына материалдық көмек көрсетіліпті.
Ұлттық компанияның 2015- 2017 жылдарға арналған ұжымдық шартында көрсетілгендей, 1 қыркүйек – Білім күніне орай, жалпы темір жол мекемесінде еңбек ететін 3 және одан да көп баласы бар еңбеккердің бір баласына 4242 теңге бөлу көзделген. Мұндай материалдық көмектер қазіргідей қымбатшылық заманда көп балалы отбасылардың мектепке баратын әр баласын киіммен, әрі оқу құралдарымен қ қамтамасыз етуде үлкен көмек. Мысалы, аталған көмекке қол жеткізген Ганюшкин өрт сөндіру пойызында газден және түтіннен қорғау шебері болып еңбек ететін, жалпы темір жол саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар, 5 баланың әкесі Өмірбай Тиражовтың компания басшылығына айтар алғысы шексіз.
Айта кету керек, Атырау магистральдық желі бөлімшесі көп балалы жұмысшы ата-аналарды келер күндері тағы қуантпақшы. Яғни, қыркүйек айында елімізде кең көлемде аталып өтілетін «Отбасы күні» мерекесінде 14 жасқа дейінгі 4 және одан да көп балалары бар отбасының әр баласына мекеме тарапынан 6363 теңге бөлінгелі отыр. Мұндай көмекке бөлімшедегі 120 теміржолшының отбасы қол жеткізетін болады.