Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
«ЖІБЕК ЖОЛЫ» ПОЙЫЗЫМЕН САЯХАТШЫЛАР КЕЛДІ
2 мин чтения
Ескі керуен жолдар қайта жаңғыруы осы емес пе?! Түбекке «Жібек жолы» туристік пойызы келді. Өзбекстаннан жолға шыққан германиялық, швецариялық туристер мінген 921/922 пойызын Маңғыстау вокзалында жергілікті халық үлкен қонақжайлылықпен күтіп алды.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бурхутов түбекке табаны тиген шетелдіктерге жол болсын айтып, қонақтар құрметіне күй тартылып, шашу шашылды. Қазақы дәстүрмен бауырсақ пен қымыз ұсынылды.
Құрметті теміржолшы Табылды Әміров қонақтарға Қазақстандағы бірден-бір теңіз қақпасы болып табылатын қарт түбек өзінің бай ресурстарымен, тарихи ескерткіштерімен ерекшеленетінін, сондықтан да Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай аталатындығын жеткізіп, саяхатшылар демалысын көңілді өткізетініне сенім білдірді.
Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауыновадан білгеніміздей, «Ташкент – Камаши – Китаб – Бухара – Ургенч – Кунград – Маңғышлақ» бағытында келе жатқан пойыздан түскен Щвейцария мен Германиядан шыққан отыз шетелдік қонақтар теңіз жағасындағы ару қаланы тамашалап, өлкенің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлерімен таныспақшы екен. Түбекте екі күн аялдайтын олар әуелі Ақтау қаласына саяхат жасап, әрі қарай Қарақия ойпатына, Маңғыстау төсінде орналасқан тау түзілісі – Шерқала мен облыстың басты көрікті жерлерінің бірі, діни сәулетінің бірегей ескерткіші «Шақпақ-Ата» жер асты мешітін көрумен жалғасады. Туристердің басын қосқан бұл жобаны неміс компаниясы «Лерн» ұйымдастырған екен. Жобаның мақсаты – Азия елдерінің мәдениеті мен Ұлы Жібек жолын еуропалықтарға таныстыру.
Айта кету керек, киелі орындарға, тарихи-мәдени, рухани мұраларға бай өлке Маңғыстау түбегіне соңғы кезде шетелдіктер қызығушылығы арта түскен. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында облысқа барлығы 80 525 шетелдік келген. Облыстық туризм басқармасы басшысының айтуынша, қыркүйектің ішінде екінші топпен тағы 65 саяхатшының келуі күтілуде екен.