Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Науқандық сынақ ауқымы арта түспек
2 мин чтения
Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша алдағы аптаның алғашқы жұмыс күнінен бастап күзгі байқау басталмақ. Қазіргі күні қажетті құжаттамалар реттеліп, даярлық шаралары пысықталуда.
Айта кетерлігі сол, бұл жолғы күзгі комиссиялық тексеру жұмыстары жылдағыдан өзгеше өтеді деп күтілуде. Қыркүйектің 13-ші жұлдызынан басталатын науқандық сынақ осы айдың 28-не дейін жалғасып, екі жарым аптаға созылатын болады. Бұл осыған дейінгі комиссиялық байқаулардан ұзағырақ мерзім. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені, бөлімше басшылығы мен темір жол шаруашылықтары ревизорлары түйіспе жолдар, кірме жолдар мен тұйық желілерді де толық сүзгіден өткізбек. Әсіресе, Семей шаһарындағы «өнеркәсіптік аймаққа» қарасты шойынжолдар бойы қатаң тексеріледі. Сонымен қатар, күзгі байқау жылдағыдай Ақтоғай – Аягөз телімінен емес, Семей және Жаңа-Семей станцияларынан басталады.
Күзгі сында темір жол кәсіпорындарының алдағы қысқа даярлығы, өрт қауіпсіздігі шаралары да сарапқа түседі. Оның ішінде жылу беру нысандарының ахуалын тексеруге де басымдық берілмек. Бұдан өзге теміржолшылардың әлеуметтік ахуалы да назарға алынатын болады.
–Осы жолғы күзгі комиссиялық тексеру барысында біз көршілес орналасқан жол бөлімшелерінің басшыларымен түйіспелі кеңес өткізу жөнінде уағдаластық. Ол үшін байқау күндеріне қосымша мерзім қостық. Бірігіп талқылар мәселелер бар. Оның бірқатары алдағы байқау барысында айқындалатын болады. Мәселен, қыркүйектің 19 жұлдызында Аягөз қаласында өтетін түйіспелі жиынға Алматы жол бөлімшесінің басшылығы қатысады деп жоспарлануда. Ал осы айдың 26 күні Дегелең станциясындағы кеңейтілген түйіспелі мәжіліске Павлодар жол бөлімшесі өкілдері келмек, – дейді Семей жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Марлен Көкірекбаев.
Бір бұл емес, бөлімше басшысының айтуынша, қыркүйектің 27 күні Ресей Федерациясының аймағында орналасқан Семей темір жолының Локоть станциясындағы түйіспелі кеңеске Шығыс Қазақстан темір жолы мен Павлодар жол бөлімшелері, Досжан темір жолы және ресейлік Батыс Сібір темір жолы басшылығы қатысады деп күтілуде. Халықаралық деңгейде деуге болатын бұл мәжілісте жүк тасымалын арттыру, транзиттік пойыздар ағыны, алдағы уақыттарда бірігіп жүргізілетін бірқатар әріптестік іс-қимылдар сынды, т.б. өзекті мәселелер талқыға түспек. Яғни, алдағы комиссиялық байқау тым ауқымды әрі бұрынғы жылдардағыдан мазмұнды болмақ.