Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ
Кәсіби біліктіліктерін шыңдады
2 мин чтения
Ганюшкин станциясының техникалық қызмет көрсету пункті ғимаратында өрт сөндіру пойызы мен темір жол мекемелерінің қатысуымен өрт-тактикалық оқу жаттығу шарасы өтті.
Оған жеке құрамнан барлығы 10 адам қатысып, жаттығу – құрылымдардың дайындығын шыңдап, жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыратын шара екенін тағы бір дәлелдеді.
Ганюшкин өрт сөндіру пойызының бастығы Ерсін Адиловтың айтуынша, өрт сөндіру пойызы жыл он екі ай жауынгерлік дайындықта болады. Әр аптаның бейсенбі күндері мұнда дайындық сабақтары өткізіледі. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатындағы оқу-жаттығулар да жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Жиі өткізіліп тұратын осындай жаттығулар да шеберлікті арттыруда сын болмақ.
Оқу-жаттығу кезінде алдымен «шартты өрт орнында» арнайы штаб құрылды. Осы штабтың басқаруымен бірінші кезекте шартты өрт оқшауланып, көрші нысандар қорғауға алынды да, сосын шартты өрт ошағы толық өшірілді. Бәрі белгіленген уақыт шеңберінде талапқа сай жедел түрде атқарылды.
–Жалпы оқу-жаттығудың мақсаты – жеке құрамның дайындығын арттыра отырып, біріккен күштердің өзара іс-әрекеттерін тиімді ұйымдастыру болып табылады. Өйткені «өрт - тілсіз жау» екенін ескерсек, күтпеген жерден өрт шыққан жағдайда, оның алдын алуда осындай оқу-жаттығудың маңызы зор. Ал, мұндай кезде біздің жеке құрамның шыңдалған жігіттері барлық іс- әрекетте де оқу-жаттығу кезінде алған іс-тәжірибесін тиімді пайдаланады деп сенеміз, – дейді Ерсін Адилов.
Өрт сөндіруге қатысушылардың жаттығу кезіндегі өзара іс-қимылға кәсіби дайындықтары, атап айтқанда, шұғыл жағдайды бақылау, өртті барлау, күш- құралдарды шоғырландыру, жедел штаб құру, өртті дер кезінде ауыздықтау, т.б. іс-қимылдары өз деңгейінде деп бағаланып, жоғары баға алды.