Кеше Астана вокзалы мен елордадан Қарағандыға бағыт алған пойыздарда «Ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік» акциясы өткізіле басталды. Екі күнге созылатын шараны астаналық желілік тәртіп сақшылары ұйымдастыруда. Үш бөлімнен тұратын шараның алғашқы кезеңінде вокзал ғимаратында жолаушыларға тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетіліп, брошюралар, ескерту қағаздары таратылды. Бұдан кейін вокзалдың екінші қабатындағы тірек бекетінде жолаушылармен кездесу ұйымдастырылып, олардың сұрақтарына жауап берілді. Соңғы кезеңінде арнайы топ Қарағанды облысының Осакаровка станциясына дейінгі пойыздарға мініп, жол үстінде жолаушылармен кездесті. Пойыздың бір купесі штаб етіліп, мұнда азаматтардың жолда кездесетін келеңсіз жайларға байланысты шағымдары тыңдалды. Вагондарды аралау барысында пойыздағы ұрлық, мас жолаушылардың қасындағылардың мазасын алуы, бұзақылық, тазалық талаптарын бұзу, тағы да басқа заң бұзушылықтарға байланысты азаматтар мен пойыз қызметкерлерінің әрекеті жөнінде кеңестер беріліп, заң жүзінде қалай дұрыс әрекет ету керектігі түсіндірілді. Ең бастысы, жол үстінде азаматтар кез-келген жағдайда қауіпсіздік мәселесіне  абай болып, жинақы әрі, сақтық сақтап жүрсе артықтығы жоқ.  

Ұлан Ораз