Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Сақтандыру шарасы күшейтілуде
1 мин чтения
Шымкент станциясындағы ЖІІБ ювеналды полиция тобы қыркүйектің басында Түлкібас станциясында қауіпті аймақта тұратын тұрғындар мен әкімшілік қызметкерлеріне «Темір жол – қауіпті аймақ!» тақырыбында жиналыс өткізді.
Ай сайын бір мектепке барып, оқушылармен, ұстаздармен, қала берді ата-аналарды шақырып, әркімнің қауіпсіздігі өз қолында екенін түсіндіретін тәртіп сақшылары енді аудандарды аралауда.
– Бұл жиында темір жол бойын қоршау керектігі сөз болды. Қоршалған аймақ бөгде адамға да, төрт-түлікке де қауіпсіз. Үлкен кісілер балаларын ерткенде өздері аспалы көпірмен жүріп, оларды да соған үйретуін жолыққан сайын айтамыз. Қауіп аяқ астында. Жыл басында бір ойын баласы вагонның төбесіне шығып, денесін күйік шалып, әрең аман қалған. Ал маусымда Манкент бекетінде оныншы сынып оқушысын маневр пойызы қағып кетіп, сол жерде жан тапсырды. Құлаққаптың кесірінен жиырмадан асқан екі қыз пойыз жолда ажал құшқанын барған жиналыстың бәрінде мысал етіп келеміз. Келесі кездесу Қазығұрт станциясында, сол аумақтағы тұрғындармен өтеді,– дейді ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Аида Мақашева.
Сондай-ақ, аталған станциядағы ЖІІБ тәртіп сақшылары осы күндері вокзалдағы жолаушыларға, қала тұрғындарына темір жолда тәртіп сақтап жүруін және осыны ұл-қызына ескертуін түсіндіріп, көпшілікпен профилактикалық жұмыстар жүргізуде.