Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Көліктік-логистикалық орталық құрылысы басталады
2 мин чтения
Ақтөбеде халықаралық әуежайы маңынан жаңа маңызды нысан құрылысы басталғалы отыр. Көлік-логистикалық орталығы «Қазақстан теміржолы Экспресс» АҚ тапсырысы бойынша салынады деп күтілуде. Бүгінде нысан құрылысына қажетті құжаттар әзірленуде.
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінен хабарлағандай, аймақтың логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында «ҚТЖ Экспресс» АҚ Ұлттық мультимодальды операторы «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» бағдарламасы аясында көлік-логистикалық орталық құрылысының техникалық-экономикалық құжаттамаларын дайындап жатыр. 40 гектар алқапты қамтитын нысаннан Ақтөбе станциясына қарай жол тартылады. Аталған жоба құрылысы келесі жылы басталады деп күтілуде.
Белгілі болғандай, Ақтөбе қаласындағы көлік-логистикалық орталығы Халықаралық әуежай маңында бой көтереді. Жобаға Odissey компаниясы 70 пайыз, «KTZ Express» АҚ 30 пайыз үлеспен қатысады деп жоспарланған. Жобаың құны шамамен 10 миллиард теңгеден асады деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгінде аталған нысан құрылысына қатысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, «ҚазТрансГазАймақ», «Энергосистема», «Ақбұлақ» кәсіпорындарына электр, газ, су желілері мен кәріз құбырларына қосуға техникалық мүмкіндік беру қажеттілігі жөнінде қатынас қағаздары жолданды. Өз кезегінде аталған кәсіпорындар тарапынан газ, су, электр жүйелерін тартуға қажетті техникалық экономикалық негіздемелер де әзірленді.
«KTZ Express» компаниясы тарапынан да Әуежай маңынан 40 гектар алқап бөлу жөнінде хат жолданған болатын. Қала әкімдігі жер телімін беру жөнінде шешім де шығарды.
Көлік-логистикалық орталық Шымкент қаласындағы орталыққа ұқсас болады деп күтілуде. Стеллаждар мен тоңазытқыштары, көкөніс сақтау орны, контейнер алаңдары, әкімшілік және шаруашылық бөлмелері болады. Сонымен бірге, қонақ үй, алаң ішіндегі жолдар, қазандық, кәріз жүйелері, трансформатор желісі қарастырылған.
Еліміздің батыс аймағындағы ең ірі логистикалық орталық қолданысқа беріліп, толық іске қосылғанжағдайда, Ақтөбе әуежайы қазіргі 5 орыннан үшінші орынға шығуы мүмкін деген болжам бар. Орталықтың кешенді қызмет түрлері жүктің кешігуіне жол бермейді. Тұрғындар үшін тауарлар бағасы да едәуір арзанға шығады. Құрылыс барысында мыңдаған жұмыс орны ашылады.