Қарағанды облысының Осакаров ауылының маңында Астана –Теміртау бағыты бойынша 10 км-ге созылған автожолдың қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі.  Құрылыс және монтаждау жұмыстарын «Ақмола құрылыс материалдары» мердігерлік ұйымы жүргізді. Бұл жұмыстарға 125 адам, 66 көлік құралы тартылды. Ералы ауылы тұрғындарының өтініші бойынша, автомагистраль бойында жеңіл көлік қозғалысын азайту үшін жерасты өту жолы салынды. Қайта құру кезінде осы бөлікте 60000 текше метр цемент-бетон төселді. Цемент-бетонды жолдардың артықшылығы олар төзімді және беткі қабаты түзу болып келеді, ол өз кезегінде алдағы уақытта жолды қамту шығындарын айтарлықтай үнемдейді. Естеріңізге сала кетейік, «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің қайта жаңарту жұмыстары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілуде және бұл Қарағанды және Балқаш өңірлері арқылы Астана мен Алматы аралығындағы жолдардың құрылысы мен қайта жасақталуын көздейді. «Орталық-Оңтүстік» дәлізіндегі Астана – Теміртау бағыты бойынша автожолды жыл соңында ашу жоспарланған. Қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жол 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, I-ші техникалық санатқа енетін болады. «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің қайта жаңарту жұмыстары көлік құралдарының жолда өткізетін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады және тас жолға іргелес елді мекендерде экологиялық жағдайды жақсартады.

Ұлан Ораз, Астана