Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Толығымен жаңартылмақ
1 мин чтения
Түлкібас жол дистанциясының 50 пайызын темір-бетонды шпалдар құрайды. Болашақта жол бойы толығымен темір-бетонға көшірілмек.
Дистанцияның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ғазиза Сүлейменованың айтуынша, биыл 16,2 км жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс екен. Түлкібас – ОП 115 аралығындағы жұп жолдың 8 км-і мен Шөлдала – Жуантөбе телімінің тақ жолындағы 8 км. Әзірге материалдар түспеген, ал қолға тисе жұмыс қарашада басталмақ. Күрделі жөндеу кезінде 24 сағаттан 2, 3 күндік толаскез беріледі.
– Одан соң жоспарға сай 19,5 км жол ағымдағы жөндеуден өтеді. Тағы сол бірінші типті бөрене шпалдар мен астына төселетін қиыршық тастың уақытылы келмеуінен тамызда бір шақырымы орындалып, 18,5 км қалды. Орташа жөндеу кезінде 8 және 6 сағаттық толаскез алып, бірнеше шақырымды аз күнде еңсеруге болады. Материалдардың кешігуі негізгі жұмыстарды мерзімінде бітіруге қолбайлау болуда. Жалпы, ағымдағы жөндеу бойынша екінші типті ағаш шпалдар жаңарды, – дейді Ғазиза Нысанбайқызы. Тау етегіндегі бұрылысы көп дистанция жолында жаз бойы кешенді ауыр техникалы машиналар 672 түйіскен рельсті балқытқан. Ескі болғанмен жарамдысына 3,7 шақырым рельсті алмастырған. Енді қолға тисе 1,5 шақырым жаңа рельстер көнелерінің орнына жайғасады.