«Қазақстан темір жолы» компаниясы Әлеуметтік жұмыс департаментінің директоры Қорлан Медиханова ауысым алды медициналық куәландырулар, сапар алды және сапардан кейінгі медициналық тексерулер жүргізудің түйткілдері жайлы жуырда өткен жиында мәлім етті.   Қызметкерлердің денсаулығына байланысты жұмыс берушілер тарапында жолығатын өзекті мәселелер жөніндегі жиын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңқайында шымылдығын түрді. Жиналғандар медициналық тексеруден өткізуде кезігетін қиындықтар мен шығындар туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ тәжірибесіне айрықша назар аударып, Компания өкілінің өндірістік кәсіптерге қатысты білікті пікірін мұқият тыңдап шықты. Қ. Медиханова ауысым алды медициналық куәландырулар жүргізуді реттейтін нормативтік актілердің жоқтығын атап көрсетті. Екіншіден, бүгінгі таңда міндетті медициналық тексерулерден өтуі тиіс кәсіптердің тізімі, сондай-ақ, ауысым алды куәландыру жүргізудің ережелері жоқ екен. Атап айтқанда, бизнес пен мемлекеттік мекемелер мамандары міндетті ауысым қарсаңындағы және ауысымнан кейінгі куәландыру жайттарын талқылады. – Біз жыл бойы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне бірнеше рет өтініш бердік. Алайда, олар бұл мәселені бір-біріне қайта жолдаумен шектелді. Біз сонымен бірге Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетіне, «Самұрық-Қазына» қорына, Әділет министрлігіне жүгіндік. Бірақ олар бұл мәселені шешуді өкілетті органдарға немесе нормативтік актілерді әзірлеушілерге қайтадан жолдады, – деді Қорлан Дәлелқызы. Сондай-ақ, ол Еңбек кодексіне енгізілген өзгертулерге тоқталды. Онда ауысым алды медициналық куәландырумен қоса, жұмыс берушіге ауысымнан кейінгі медициналық куәландыру жүргізу міндеті жүктелген. Оның айтуынша, ҚТЖ-да жыл сайын ауысым алды медициналық тексерулер жүргізуге 1,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауысымнан кейінгі куәландыруды ұйымдастыру да сондай шығынды талап етеді. Мұндай шығындар тарифтерден көрініс табуы мүмкін. – Медициналық куәландырулар, медициналық тексерулер жүргізу қызметтерін бизнес-құрылымдардың көпшілігі сатып алатынын ескерсек, жұмыс берушілердің қаншама қисынсыз залал шегетінін елестетіңіздер, – деп мәлімдеген Қорлан Медиханова, жұмысшының жасына қарай міндетті медициналық тексерулер жүргізудің мерзімділігін бекіту қажеттігін айтты.

Кемел МАРАТ