Темір жол аумағының бөлінген жолағында мал жаю фактілері  жиі орын алады. Мұндай заң бұзушылық орын алған жағдайда жануардың иесін тауып, оны жауапкершілікке тарту Ақтау станциясындағы ІІЖб тәртіп сақшыларының жұмысына кіреді.  Қыркүйектің 19-ы күні Ақтау станциясы ІІЖб-ның ӘПб бастығы, полиция майоры С.Оразғалиев, ІІЖб-ның ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Келісбаев және Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясының жетекші инженері А.Құлмұратов бірлескен түрде Мұнайлы ауданына қарасты Емір ауылы мен №15-16 темір жол бекеттеріндегі мал шаруашылығы иелеріне арнайы барып, профилактикалық-түсінік жұмыстарын жүргізді. Мұндағы мақсат – темір жолдың аса қауіпті аймақ екендігін, бүгінде қараусыз жүрген үй малдарын пойыз басу жағдайы  кеңінен кездесіп жатқандығын және әр отбасы өз малдарына еге болуларын заң жүзінде түсіндіріп, ескерту. Мұндай келеңсіздіктер локомотив бригадаларының жұмысын да  қиындатып тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында жолаушы және жүк пойыздарының жедел тежегішті басып тоқтатқаны туралы 47 дерек тіркелген.    ─ Асылында, әрбір малдың ветеринариялық паспорты мен сырғасы болуы тиіс.  Құлағында сырғасы болса,  мал иесін анықтау жеңіл. Баянды ауылындағы ветеринариялық станция сырғаның штрих коды арқылы бейсауыт жүрген малдың кімдікі екендігін, иесінің қай жерде тұратынына дейін анықтап береді. 14 қыркүйекте «Тамақ» бекетінде басылған малдың иесін сол сырғаның көмегімен таптық. Қызылтөбе елді мекенінің тұрғыны екен, оған 5 АЕК (10605 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ол малдың иесі біріншіден 200-300 мың теңге тұратын түйесінен айырылды, екіншіден айыппұлын төледі. Мұның бәрі малына ие болмағанның кесірі, – дейді Серік Оразғалиев. Оның айтуынша, бұдан басқа кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен әр қилы қылмыстардың алдын алу,  көлік обьектілерінде жарақаттану фактілерін болдырмау жұмыстары аясында «Мүлдем төзбеушілік» акциясы және «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы қолға алынған.

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау