Кеше қарттар үйінде өткен «Мейірім мен құрмет көрсету күні» атты мерекелік шарада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Теміржол ардагерлер орталық кеңесінің өкілдері қарияларға түрлі түсті екі теледидарды тарту етті. Халықаралық мереке қарсаңында қарияларды  құрметтеу, көңілдерін көтеру мақсатында ұйымдастырылған ізгілікті іс-шара «Ардагерлер аллеясына» гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнда олар мемлекеттік мекемені мекен етіп, өмірден озған марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін Астана қалалық әкімдігінің өкілдері ата-әжелерді мерекемен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді. Мекеме қызметкерлері, «Олимп резерві» республикалық спорт мектебінің тәрбиеленушілері, колледж студенттері атсалысқан мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл күннің басты жаңалығы –  305 адам тұратын мекемеде егде жасқа келіп, көңіл жарастырған екі жұптың бас қосуы болды. Арнайы келген қонақтар қарттар үйін мекен етіп, қалған ғұмырын бірге өткізуге бекінген Александр Пронин мен Полина Матерованың өтініштерін қабыл алып, қуаныштарымен құттықтады. – «Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, мұнда келіп, жарқын жүзді қарттарды көріп, «жағдайымыз жақсы, бұл жер жанға жайлы» деген сөздерін естіп, көңілім орнына түсті. Осы сәтті пайдаланып, мекеме басшыларына алғысымды білдіргім келеді. Теміржолшылар кәсіподағының басшысы Оразғали Ахметбаевтың қолдауымен мереке қарсаңында қарияларымызға қос теледидарды тарту етіп отырмыз. Қарт кісілерге жылы сөз бен ықылас-ілтипаттан басқа ештеңе керек емес, елордамыздағы Қарттар үйінде оны мекен етушілерге барлық жағдай жасалып, медициналық қызметтермен қамтамасыз етілген, – деді Теміржол ардагерлер орталық кеңесі төрағасының орынбасары Жұмагүл Әлжан.  Мереке соңында жиылған жұрт мерекелік ақ дастарханнан дәм татты.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК