Ақтөбеде Ресей мен Қазақстанның тауар өндірушілері қатысқан екі күндік XV-ші «Еуропа – Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» көрмесі өтіп, оған Ақтөбе рельсарқалық зауытының рельс өнімдерінің үлгілері қойылды. Зауыт өкілінің айтуынша, мұндай көрменің берері көп. Шара барысында өзге де өнеркәсіп құрылымдарымен ақпарат алмасып, байланыс орнату мүмкіндіктері туады.  Кездесулер өткізіліп, бизнес субъектілері өз тауарлары мен қызметтері туралы мәліметтерді жеткізе алады. Көрменің мақсаты – Ресей Федерерациясы мен Қазақстан Республикасы өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және  қоғамдық ынтымақтастықты дамыту, Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы қатынастарды нығайту. Халықаралық көрме жұмысына Қазақстан және Ресейдің 22 қаласы мен аудандарынан 140-тан астам кәсіпорын қатысты. Олар негізінен машина, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия және ресурсты үнемдеу, құрылыс индустриясы, арнайы техника, автокөліктер, ауыл шаруашылығы, химиялық, жеңіл тамақ, және жиһаз өнеркәсібі, халықтық қолданыс тауарлары, киім және тағы басқа салаларды қамтыды.   –Санаулы күн бұрын Ресейде өткен үлкен көрмеге де рельсарқалық зауытының өнімдерін апардық. Мүмкіндік болса, мұндай шаралардан қалмауға тырысамыз, – дейді көрмеге қатысқан зауыт өкілі.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе