Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Қоршау қауіпсіздігіне кім жауапты?
1 мин чтения
Шымкент жол дистанциясының Қорғасын – Қызылсай телімінде адамдардың пойызға басылуы жиі болатындықтан, 39 шақырымына темір қоршау жүргізілген.
Бірақ, қоршалған аймақтың кей тұсынан суық қолдылар шарбақтың темірлерін сындырып, ұрлап кетуде. Сондықтан, қоршау қауіпсіздігін күзету көптен бері «ӘТЖК»АҚ Шымкент филиалына тапсырылатыны сөз болған. Себебі, қоршау сымының бүлініп, қолды болғанына, пойыз басқан адам мен төрт-түлікке, рұқсатсыз жүрген бөгде кісілердің әрекетіне жауап беруден әбден мезі болған жолшылар бұл мәселені көптен бері көтеріп келеді. Енді темір жол бойындағы қоршаулардың қауіпсіздігі жол дистанцияның міндетінен алынып, күзетшілерге өткізіледі делінуде. Аталған филиалдағы әскерилендірілген күзет қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әбдіразақ Марқабайдың айтуынша, күзет саласының басшылығы барлық жұмыс ауқымын есептеп өткізіп, екі рет келісімшартқа тұрыпты. Алайда, «ҚТЖ»ҰҚ»АҚ тарапынан тиісті қаржы бөлінбеген соң, бұл міндет күшіне енбеген көрінеді. Сондықтан, әзірге жолшылар баяғы қырағылығына салып, қоршау жауапкершілігін қоса атқаруда.